Ernazarov Kobylandy
Ерназаров Қобыланды Ғилымгерейұлы 2011 жылдан бері Ю. Гагарин атындағы орта мектебінде технология пәні мұғалімі болып еңбек етуде. Оқушыларға технология және бейнелеу өнері, сызу пәндерін оқытажүріп, әлемді суретші көзімен көру мәдениетін, көркем шығармашылықтың мәнін, өнердің адам өміріндегі орны мен ерекшелігін түсіндіріп, сабақтарын көркемдік – бейнелік тәсілмен іске асыруда.
Шығармашылықпен жұмыс істейтін ізденімпаз ұстаз ретінде Қобыландының өткізген сынып сағаттары, тәрбиелік шаралары, ашық сабақтары оқушылар үшін қызықты, көкірегіне із қалдыратындай терең ойлы әрі тиімді түрде өтуде. Қобыланды Ғилымгерейұлы күнделікті сабақ өткізу барысында әртүрлі әдіс-тәсілдерді, технологияларды қолдана отырып, оқушының таным белсенділігін арттыру арқылы теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, шеберлік пен іскерліктерін дамытып жүр.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, шәкірттерінің ыстық ықыласына әрдайым бөленіп жүрген осы ұстаздың еңбегі зор. Шәкірттері аудандық және мектепішілік қол өнер сайыстарынан және де шығармашылық көрмелерден жүлделі орын алып жүр.
Мектептегі өнерді шынайы өмір мәнімен байланыстырып, оқушылардың шығармашылығын іске асыру мақсатында көп еңбек етіп келеді. Бүгінгі заманымыздың талабына сай оқушыларға көркемдік білім беруді терең жетілдіру мақсатында Қобыланды Ғилымгерейұлы мектепте «Жас суретшілер» атты үйірмесін ашып, оқушыларға сурет салу заңдылықтары мен ерекшеліктерін үйретіп, қолөнер шеберліктерін шыңдап қана қоймай қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттауда.
Қобыланды Ғилымгерейұлы – осы мектепте жасаған екі жыл еңбек жолында ұстаздықтың қыр-сырын меңгеріп, білімі мен тереңдігін көрсете алған, тәжірибесі мол мұғалімнің бірі. Оқушыларды дамыта оқытуды, тәрбиелеуді мақсат еткен Қобыланды Ғилымгерейұлы барды бағалап, жоқтан бар жасай алатын ұстаз.
Ұстаз мәртебесі – ел мерейі. Өмірін бала тәрбиесі мен біліміне арнаған, бақытын педагогикалық қызметтен тауып, оны отбасылық ынтымақпен ұштастыра білген жайсаң жанның еңбек жолында шығатын биіктері мен қол жеткізер жетістіктері әлі алда.